Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған іс-шараның ашылу салтанаты «Отырар» кітапханасында өтті. Жиынға қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Поэзиялық апталықтың алғашқы жиыны ҚР жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетке арналып, рухани іс-шарада ақын Ұлықбек Есдәулетке сый-құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеште жазушы Мархаббат Байғұт ізгі ниетін білдірсе, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова арнау өлеңін оқыды. Әдеби шарада қауым Ұлықбек Есдәулеттің отты жырларымен сусындады. Ақын жырынан рух алды.
Мәртебелі поэзия мінберінде көркем ойдың сұлулығы айқындалды. Ақынжанды қазақ өз болмысымен қауышты.
Сондай-ақ, Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөзіне де кезек берілді. Енді поэзия апталығы әр жұма күні өтеді. Іс-шараға республикаға, қалаға және ТМД елдеріне танымал ақындар шақырылады. Жыр сүйер қауым көркем жырлармен сусындамақ.