Көмегі көп несие… Алғашқы қар түсіп, суық белең алғанда соғым сезоны басталады. Бұл кезде әр үй бағымы мықты, екі елі, үш елі қазысы бар бордақыға тапсырыс бере бастайды. Сосын соғымбасы басталады. Расында халқымыз үшін жылқы малы – төрт түлік малдың патшасы. Ерте заманда еті – тамақ, қымызы -сусын, мінсе көлік болған жылқы бүгінде нағыз табыстың көзіне айналып отыр. Киелі жануардың еті, қазы-қарта, жал мен жаясы, қымызы дастархан төрінен орын алатыны белгілі. Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы саласына өте қолайлы аймақтардың бірі болып отыр. Ақ алтынды аймақта мал шаруашылығы да мықты дамыған. Кіші кәсіпкерлікпен айналысатындардың да қарасы қалың. Аудан халқы да шағын өнеркәсіп, шаруашылық салаларын да шырқ үйіріп отыр. Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті тұрғыны Болатбек Рысбаев «Ырыс» микроқаржы ұйымынан жылқы бордақылау бойынша жеңілтетілген несие иегері атанып, қазіргі таңда аудан эканомикасына аз да болсын өз үлесін қосуда. Жеке кәсіпкер Болатбек мырза өзіне дұрыс бағыт көрсетіп, кәсіпкерлік саласына шақырып, қажетті кеңестерін беріп сүйемелдегені үшін «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мамандарына өз алғысын айтып отыр. Алған қаржысына жылқы басын көбейтіп, бүгінде тірлігін тәп тәуір жүргізіп отыр. Сондай-ақ, Ордабасы ауданына қарасты Берген ауылының тұрғыны Қанат Мұсаев орталықтың қызмет көрсетуімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан несиеге қол жеткізіп, несие қаражатына 14 саумалы бие сатып алды. Кәсіпкердің мақсаты жылқы санын арттырып, мал шаруашылығына өзінің үлесін қосу. Несие мерзімі — 10 жыл. Жылдық сыйақысы – 17 пайызды құрайды. Субсидия қарастырылған. Негізгі борыш бойынша 2 жыл, ал сыйақы бойынша 12 ай жеңілдік мерзімі тағы бар. Мұндай жеңілдік бұрын соңды болмаған дейді ауылдық кәсіпкерлер. Тапқан пайдасымен ақ аз жылда несиені жауып тастауға мүмкіндік туып отыр. Мал шаруашылығының мың сан қыр сырын білетін кәсіпкерлер оған сенімді.