Кентауда жоспарға сәйкес 10 жоба іске қосылды Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиыналысқа қала әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Алғашқы болып «Кентау қалалық ветеринарлық қызметі» МКК басшысы Ш.Ирисбаев «Кентау қалалық филиалының ветеринариялық іс-шаралар бойынша 2022 жылдың басынан бері атқарылған жұмыстары туралы» баяндаса, «Жаңа жұмыс орындарының ашылуы» туралы қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Ж.Қайдаулов мәлімет берді. Бүгінде Кентау қаласында кәсіпкерлік саласында өркендеу бар. Жылдан жылға кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Кәсіпкерлер көбейгені жақсы өйткені жаңа жұмыс орындары ашылары анық. Кентау қаласы бойынша 10 жоба енгізіліп, 127 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жоспарға сәйкес 10 жоба іске қосылып, нақты 128 жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда ашылған жұмыс орындарына 128 жұмыссыз азаматтар жолданған. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес, зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар «Күміс жас» жобасына қатысушылары болып табылады. Зейнеталды жас – бұл зейнеткерлік жасқа жетуге 2 жылдан аз уақыт қалған кездегі кезең, яғни, әйелдер үшін зейнеталды жас 58 жасты, ал ер адамдар үшін – 61 жасты құрайды. Бұл жас ерекшеліктері бұйрыққа сәйкес, «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесімен жұмысқа жолдау жұмыстары автоматтандырылған. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Күн тәртібіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүруіне мүмкіндік қамтылмаған нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстарының барысы туралы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Айтбаев баяндап өтті. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы И.Азизбаев қаржының игеруі мен қала және оған қарасты ауылдарының бюджетіне түскен түсімдер туралы мәліметті атап өтті. Қала басшысы облыс және қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы жайында тиісті сала басшыларынан түсініктеме алды. Жиында барлық саланың басшылары мен ауыл әкімдеріне қысқы маусым кезіндегі тұрғындардың өтінішіне баса назар салып, жұмыс барысын жүйелендіруді тапсырды.