Сапалы өнімге қашанда сұраныс бар Жоғары білім керек, әрине. Дегенмен жоғары оқу орнын бітіргенімен жұмыс таппай жүргендер аз емес. Табылса да аз уақытта істеп, шығып кетіп жатқандар да жоқ емес. Бірі жалақысының аздығын, енді бірі жұмыс ауқымының көптігін сылтау етеді. Мақтаралдық тұрғын Венера Серікбаеваның да заңгерлік білімі бар. Кезінде «хит» болған мамандық бойынша бірнеше мекемелерде жұмыс та атқарған. Алайда белгілі себептерге байланысты жұмыстан шығуына тура келген. Жасынан еңбекқор жан тағдыр тауқыметін де аз тартпаған. 3-топ мүгедектігі бар келіншек 4 баласын жалғыз асырап отыр. Отбасын қалайда тарықтырмау жағын көп ойланған келіншек ақыры кәсіп бастауды жөн санапты. Биылғы жылы «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өтті. Білімін жетілдірді. Өзі де ізденді. Алған бетінен қайтпайтын табанды келіншек ақыры білімінен нәтиже шығарып, грант ұтып алды. Бүгінде шағын ғана кондитерлік цехта өнімдер пісіріп, кәсіпкерлікті бастап кетті. Нағыз маманның қолынан шыққан, сапалы, ең бастысы дәмді үй тағамдарына тапсырыс берушілер де көп. Айтуынша, қазір ауыл түрғындары дүкендерде тұрған тәттілерді сатып алуды қойған. Венераның рецептімен дайындалған күлше, торт, құймақтарды ауыл тұрғындары таласа-тармаса сатып әкетеді. Өзге өнімдерге ұқсамайтын тәтті күлшелер кішкентай балаларға ғана емес, үлкендерге де ұнап үлгерген. Арнайы рецепт бойынша пісірілген торттары бармақты жалап жейтіндей тіптен дәмді. Бүгінде бренд қалыптастырып үлгерген үлкен қаладағы желілік дүкендердің өнімі жолда қалады. Шалғайдағы ауылда отырып осылайша тәтті бизнесті дөңгелетіп, өрдетіп отыр. Кейде пісірген өнімдері сұраушыларға жетпей де қалады. Сосынғысын тапсырыс беріп қояды. Таңертеңнен қара кешке дейін тәттілер пісіріп, күнкөрістің қамында жүреді. Аядай баспананың асүйінде бизнесін дөңгелетіп отыр. «Бизнес Бастау» жобасы аясында ұйымдастырылған курсты аяқтап, сүйікті ісінен табыс табуды ұйғарған. Үйдегі бизнесі оған балаларының тәрбиесінен алшақтап қалмауға да мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, үй шаруасын да, бала тәрбиесін де, отбасын асырауды да ұштастырып отырған іскер келіншекті мемлекеттің қолдауын пайдасына асырып отыр. Қолының епсектігінің арқасында тәтті тоқаштары тез ақ танымал болып кетті. Көршілес аймақтардан да іздеп келіп тапсырыс беріп жатқандар бар. Егер өнімі дәмді болмаса бір сатып алған жан қайтып келмесі анық. Ал Венераның қолынан шыққан өнімнің тұрақты клиенттері қалыптасып үлгерді. Мол табыстың еңбекпен, ізденіспен, біліммен келетінін жақсы түсінген ол алдағы уақытта шағын бизнесін ұлғайтуды жоспарлап жүр. Жақын жердегі Ташкентте арнайы курстар оқып, заманауи әдіспен жасалатын кондитерлік өнімдерді саудаға шығаруды көздейді. Тауарды өндіру бар да оны сата білу де үлкен өнер. Бұрынғыдай емес, бүгінде жарнамаға өкіртіп ақша төлеудің де қажеті жоқ. Әлеуметтік желілер кондитерлік өнімдерді саудалауда таптырмайтын алаңға айналғаны қашан. Тек тілін білсең болғаны. Сол үшін де заман ағымынан тысқары қалып кетпеуі тиіс. Ол үшін алдағы уақытта әлеуметтік желінің қыр-сырын үйрететін мамандардан дәріс алуды жоспарлап отыр. Өз брендін қалыптасыру негізгі мақсатының бірі. Одан кейін цехты үлкейту, осылайша ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуді де ойластырып жүр. Сапалы өнімге қашанда сұраныс бар. Сондықтан да тәттілердің түрлерін ажыратып, сапасын жақсартуға сеп болатын технолог мамандығын игеріп алу да ойында жоқ емес. Облыс орталығынан шалғай шетте жатқан Мақтаарал ауданында аталған жоба аясында кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары көбейіп келеді. Осы шалғайдағы ауылдан үлкен қалаларға бір торт алу үшін ешкім ат сабылтып келмейді ғой. Сондықтан да бүгінде үшінші мегаполисті де, облыс орталығын да жаулап алған брендтік желілік жүйелер сияқты аудан орталығында өзінің бренд дүкенін ашу да жоспарында тұр. Әрине ниет еткен, талпынған, соған сай әрекет еткен адамға берекетін береді. Сондықтан да ол күндіз түні бір тынбай ізденіп жүр.