Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналған. Биыл да бұл дәстүр жалғасып, түлектердің бірқатары мұқтаж отбасыларға баспана сыйласа, енді бірі спорт кешені, аялдама және аллея салып, ауылдастарының алғысын алып жатыр. Мәселен, Түлкібас ауданында Абай атындағы және Б.Садықов мектебінің 20 жылдық түлектері мұқтаж отбасыға аудан орталығынан қорасы, моншасы, сарайы бар алты бөлмелі үй сыйлады. Сондай-ақ, жиналған 8 млн. 600 000 теңге қаражатқа үйдің ішіне қажетті жиһаз-техникалар алынған. Ал, Арыс қаласындағы Байырқұм ауылында 20 жыл бұрын бітірген түлектер өздері білім алған мектепке 3 млн. теңгеге демеушілік жасады. Бұл қаражатқа білім ұясының алаңқайы толық тас тротуармен жабылып, тозығы жеткен оқу үстелдері жаңартылды. Сонымен қатар, түлектер мектепке қоғам қайраткері, белгілі ақын Мұхтар Шахановты арнайы шақырып, рухани мазмұны мол кездесу ұйымдастырған. Сонымен қатар, Шардара ауданына қарасты, Қоссейіт ауылдық округіндегі «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1986 жылы туған 2003 жылғы түлектері көпбалалы отбасыға үш бөлмелі тұрғын үй тарту етті. Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы Төрткүл елдімекенінде тұратын 1985-1986 жылғы туған түлектер төрт баласы бар жалғызбасты анаға үй салып берді. Баспананың құрылысы наурыз айында басталып, бүгінде үй иелеріне берілді. Бұл — түлектердің сыйға тартқан екінші үйі екен. Игі дәстүр аясында Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің түлектері қайырымды істі қолға алып, бір отбасын қуанышқа бөледі. 1985-1986 жылғы ауыл азаматтары игі іске дем беріп, тұрмысы төмен отбасына асарлатып үй салып берді. Үш бөлмелі тұрғын үйді салуға 40-қа жуық түлек атсалысты. Жомарт азаматтар 2003 жылы Лесбек батыр елдімекенінде орналасқан №39 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебін бітірген. Баспананың құрылысы биыл сәуір айында басталып, қазір үй иелеріне табысталды. Сондай-ақ, Бірлік ауылдық округінің азаматтары №57 Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 2003 жылғы түлектері аллея салып берді. Келеске қарасты Ақтөбе ауылдық округінде №40 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің 2003 жылғы түлектері қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың құрметіне ескерткіш орнатты. Сауапты істен Жетісай ауданының түлектері де шет қалған жоқ. Ауданға қарасты Мақталы ауылдық округінде мектеп түлектері ауыл жұртшылығына Оңалбек Тастанбекұлы атындағы әмбебап спорт кешенін сыйға тартты. Осы уақытқа дейін ауылда заман талабына сай спорт кешені болмаған. Ғимаратта енді ауыл тұрғындары спорттың күрес, бокс, ауыр атлетика және қол күресі сынды түрлерімен жаттыға алады. Спортты жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл – тамаша сыйлық. Яғни шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ. Ал, Кентауға қарасты Байылдыр ауылына 2003 жылы бітірген түлектер ауыл тұрғындарына жаңа аялдама тарту еткен. Аялдама электр жарықшамдармен жабдықталып, жылдың төрт мезгіліне арнап салынған. Сондай-ақ Созақ ауданында қос бірдей отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Аудан орталығында Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицей интернаты мен А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер Шолаққорған ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасына жаңа баспананы тарту етті. Жер учаскесі 15 сотықты құрайды. Қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік береді. Ал, Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан азаматтар мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай көпбалалы, жалғызбасты анаға көпқабатты тұрғын үйдің бірінен пәтер кілтін табыстап, қуанышқа бөледі. Қос баспана да асхана және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Тұрғын үй иелері ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерді паналап келген. Бүгінгі күндегі қуаныштарын жасыра алмай, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын айтты. Жоғарыдағы түлектердің тартуы — өңірдегі қайырымдылық және ауылдың гүлденуіне үлес қосу мақсатындағы іс-шаралардың бірқатары ғана және осы бағыттағы игі істер жалғасатыны анық. Түлектердің бұл қайырымды ісі ел-жұртқа үлгі болары сөзсіз.