Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапарында Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауданның активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Мақсат – ауданды дамыту бағытында жобаларды талқылау, жұмысты жандандыру. Кемшіліктерді талқылап, жаңа жоспарлар құру. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында ауданның дамуына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен кедергілер бүкпесіз айтылып, жаңадан тағайындалған аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берілді. – Ауданда атқарылған жұмыстарда кемшіліктер бар. Оянатын уақыт келді. Жауапкершілік пен жанашырлық болмай, еш нәтиже шықпайды. Ауданның даму жоспарын қайта қарап, басынан әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте әр ауданның ерекшелігі назарға алынып, басым бағыттары анықталуы керек. Бюджетке үміт артып отыра бермей, қолдан келетін тазалық, абаттандыру секілді мәселелерді шешуге болады. Ғимараттардың күнделікті күтіп-ұстауы дұрыс болса, кейбірі осыншама жағдайға жетпес еді. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Кіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Ауданға жеке инвестицияларды тарту бойынша нақты жобалар қажет, – деді Дархан Сатыбалды. Аудан әкімінің орынбасары Бахытбек Хасанов әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндады. Айтуынша, өндіріс саласында былтыр 68 кәсіпорынмен 57,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,8%-ды құраса, биылғы жылдың 5 айында 19 млрд.теңге өнім өндірілген, нақты көлем индексі-104%. Ауданда басымдық өңдеу саласы дамып келеді, өнеркәсіптегі үлесі 80%-ды құрайды. Өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі бағытында 8,6 млрд.теңгені құрайтын жаңа 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін және алкогольсыз сусындар шығаратын 4 зауыт, темірбетон, газоблок шығаратын зауыттар және балалар мен мүгедектерге арналған жөргектер шығаратын зауытты кеңейту жобалары бойынша 247 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жиында Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков ауданды дамыту жұмыстарын зерделеу нәтижесімен таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады. Олқылықтарға тоқталып, нақты деректерді ортаға салды. Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндік пен әлеует толық қолданылмай отыр. Аудандағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар қордаланған мәселелер бар. Өзіндік кірістердің үлесі төмендеген. Білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді міндеттеді. Облыс әкімі осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою үшін тиісті шаралар қабылдауды қатаң тапсырды. Осы және өзге де түйткілдер тарқатылған мәжілісте облыс басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.