«Біз бүгінде өңірімізде жүзеге асырылып отырған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша тиімді әрі мақсатты пайдалануға шақырамын. Жаңаша, сұранысқа ие кәсіп ашып, табыстарыңызды арттырыңыздар. Аталмыш жоба бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінген». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы аясында аудандағы Ж.Ералиев ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, несие алуға ниет білдірген шаруалармен тілдескен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов осылай деді. Ауыл халқының табысын арттыра отырып тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған бағдарлама аясында 5,8 млн теңгеге жобасы мақұлданған азаматтардың бірі С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғыны Бахадур Булишов. Бұған дейін пай үлесіне тиген 70 сотоқ жерінің 30 сотоғына қауын, 25 сотоғына болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотоғына жылыжай салып қияр егіп келген Бахадур алатын несиесіне 0,15 га жерге жылыжай салуды көздеуде. Айта кетейік, Ж.Ералиев ауыл округі бойынша ұсынылған 71 жобаның 51-і 316,05 млн теңгеге мақұлданған. Оң қорытынды алған жобалардың 80,8 млн теңгеге мақұлданған 13 жоба жылыжай шаруашылығы болса, 208,25 млн теңгеге мақұлданған 37 жоба сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға, 27 млн теңгеге оң қорытынды алған 1 жоба ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосуға бағытталып отыр.