Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінің базасында «Шебер-сыныптар педагогикалық тәжірибемен алмасудың тиімді формасы ретінде» тақырыбында аудандық семинар өтті. Семинарда орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша ауданның алдыңғы қатарлы 9 мұғалімі өз әріптестеріне арнап шебер-сыныптар өткізді. Олар шебер-сыныптар арқылы сабақта оқу мақсатын жүзеге асыру жолдарымен, тиімді әдістерімен бөлісті. Семинарға қатысқан мұғалімдер өздерін мектеп оқушыларының орнына қойып, оқушы ретінде арнайы тапсырмаларды орындап, оқу мақсаттарын жүзеге асыруға арналған әдіс-тәсілдердің тиімділігін өз тәжірибесінен өткізді. Бұдан бөлек, Ордабасы ауданында 3 қазан күні эпикфейлтрек форматында үлкен буын мұғалімдері мен жас мамандардың кездесуі өтті. Ағылшын тілінен аударғанда «еpicfail» сөзі үлкен сәтсіздік деген мағынаны білдіреді. Яғни кездесу барысында тәжірибелі ұстаздар өздерінің еңбек жолында кездескен сәтсіздіктерді баяндай келе, жас әріптестерімен сол қиындықтарды қалай жеңгендерімен бөлісті. Кездесу жағымды атмосферада, ұстаздар мерекесі алдында көтеріңкі көңіл күйде өтті. Жоғары тәжірибелі педагогтер жастарға жұмыстарына сәттілік тілеп, естелікке ізгі тілектері жазылған кітаптарды сыйлады. Бұдан кейін, Ордабасы аудандық педагогикалық-әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес, ұстаздар күніне орай «Ұстазым менің, ұстазым» атты аудандық мерекелік іс-шарасы аясында бастауыш сынып әдіскерлері Г.Молжігіт пен Ж.Мыңбаеваның ұйымдастыруымен Б.Төлепбаев атындағы жалпы орта мектебінің базасында бастауыш сынып мұғалімдері арасында зейнеткерлік жастағы тәжірибелі ұстаздар мен жас ұстаздардың қатысуымен «Ұстаз — ұлы тұлға» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне «Төрткүл» жалпы орта мектебінің ардагер ұстазы Жора Дариға және Б.Оңтаев атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Науан Ләззат, Б.Төлепбаев атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мұсахан Майра, Ө.Тұрманжанов атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сман Райхан, «Достық» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Саноева Уардак ұстаздар кеш қонағы ретінде шақырылып, жас ұстаздарға педагогикалық еңбек жылдарындағы қызық та, қиындығы мол сәттерімен, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Жас ұстаздарға еңбектеріне сәттілік тілей отырып, білім беру мен тәрбиелеуде талмай еңбек етуді, мол ізденісті қажет ететінін айтып, жақсы лебіздерін білдірді. Кездесу кеші барысында Б.Төлепбаев атындағы жалпы орта мектебінің ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, жас ұстаздар жақсы тілектерін білдірді.