Жапонияда мұғалімдерге деген құрмет ерекше. Олар кез-келген көлік түріне билет алуға кезекке тұрмайды, мұғалімге қай жерде болсын жасы үлкен адамдардың өзі тұрып, орнын береді. Мұғалімдер үшін жеке арзан дүкендер жұмыс жасайды. Мұғалім – ең құрметті адам. Кәсіпкерлер дүкеніне мұғалім, келгенінде өте қатты қуанады, өздері үшін үлкен мәртебе санайды. Жапонияда мұғалімдер мерекесі деген жоқ, өйткені олардың өмірінің әр күні мереке. Біздің елімізде де мұғалімдерге деген құрмет жылдан жылға артып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Ұстаздардың еңбекақысы екі есе артты. Биылдан бастап 5 қазан – мұғалімдер күні ретінде тұрақты тойланатын болды. Басқа да мұғалімдерге деген әлеуметтік қолдаулар жасалынып жатыр. Мұғалімге деген құрметтің бірі ретінде Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы «Достық жалпы орта мектебіндегі ардагер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» Қалдыбек Төлегенов атындағы «География сыныбының» ашылуын атап айтар едік. Мұғалімдер мерекесінде «Достық жалпы білім беретін мектебі»-нің ұстаздар қауымы Қалекең мен оның жары Алтын Тасболатованы құшақ жайып, гүл шоқтарымен қарсы алды. Алғаш мектеп мұражайын аралап көріп, ондағы қойылған жәдігерлермен танысты, мектептің тарихы жайлы мәлімет беретін фотокөрмені тамашалап, Қалекең өзінің мектепте сабақ берген көздеріндегі қолданған көрнекі құралдарға да мұражайда орын берілгенінің куәсі болды. Келесі кезекте Достық ауыл округінің әкімі Ерлан Ақжігітовпен бірге «Қалдыбек Төлегенов атындағы география сыныбының» лентасын қиды. Мұнда келушілер арнайы жабдықталған сынып кабинетін аралап көріп, «Ұстаз – Ұлы тұлға» атты фотокөрмемен, Қалдыбек Төлегенұлының ұстаздық еткен уақытта пайдаланған заттары мен көрнекі құралдары, жазу-тіркеу журналдары қойылған шағын мұражайымен танысты. Ауыл әкімі Ерлан Ақжігітов пен «Достық жалпы орта мектебі»-нің директоры Абилов Сырым Қасқарбекұлы салтанатты шараны ашық деп жариялап, құттықтау сөз сөйледі. – Қалеке, бізге осындай сыныпты жасақтап, заманауи етіп жасап бергеніңіз үшін мектеп ұжымы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл сіздің көрегендігіңіз. Алыста жүрсеңіз де өз мектебіңізге деген қамқорлығыңыз. Бұрын мектепте шәкірттеріңізге ұстаз болсаңыз енді ұстаздардың ұстазы болып, жол көрсетіп, үлгі көрсетіп отырсыз. Қазір оқушыларымыз осы сыныпқа келіп оқуға таласады. Өйткені, оларда жақсы жабдықталған сыныпта оқығылары келеді. Сіздің бұл дәстүріңіз алдағы кезде де өз жалғасын тауып, басқа да осындай сыныптар ашыла береді деп ойлаймын. Қазір көптеген іс-шараларда осы сыныпта өткізіп жүрміз, – деді мектеп директоры Сырым Қасқарбекұлы. Одан әрі іс-шараны жүргізуді география пәнінің мұғалімдері Шакиева Айжан Жиенғалиқызы мен Тоқтабай Гүлара Төлегенқызы өз міндеттеріне алды. Қалдыбек Төлегенұлының өмірі мен еңбек жолы, жетістіктері суреттер, бейнебаян арқылы жиналғандарға таныстырылғаннан кейін, ардагер ұстаздар Қалыбаев Үсен, Исмайлов Ақжол, Тұрғанбаев Ниетжан, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Балғынбаев Ербол мен Қалыбаев Аманжолдар құттықтау сөз сөйлеп, география сыныбын жабдықтап бергені үшін алғыстарын білдірді. Қалдыбек Төлегенов пен Алтын Тасболатовамен «Байырқұм» совхозында бірге өскен, сондағы Н.В. Гоголь мектебінде оқыған, институтты бітірген соң алғашқы еңбек жолын «Достық» мектебінде бастап, тарих, қоғамтану, биологиядан сабақ берген, Мақсаткүл Қожақановада іс-шараға арнайы келіп, Қалекең мен Алтынды құттықтап, алдағы кезде де халықтың құрметіне бөленіп, немере, шөберелерінің қызығын көруіне тілектестігін білдірді. 1970 жылдары мектепте оқып жүргенімізде ауылдың бір жігіті мен қызы үйленгенде «Ойпырмай, бір ауылда тұрып та бір-біріне үйлене береді екен-ау» деп таңданғанымыз бар болатын. Кейіннен бір ауыл түгілі бір мектепте, бір сыныпта оқығандардың отау құрғандарын көріп, көзіміз де, құлағымыз да үйреніп кетті ғой. Қалекең мен Алтын да сондай бір мектептің түлектері. Осы орайда іс-шараны жүргізушілер қатысушыларға қызықты мәлімет ұсынды. Екі айға жуық іс-шараға дайындық барысында Қалекең мен Алтын «Байырқұм» совхозындағы Н.В.Гоголь мектебінде оқып жүргенде жазған Алтынның күнделігі табылған. Онда Қалекең жайлы қызықты мәліметтер жазылған. Жазбалардың көбі «Қ… келді», «Қ… сіздер көрмеген кино қалмаған-ау» деген сияқты сөйлемдер болып келеді. – Бұдан да басқа күнделіктегі қызықты жазбаларды білгілеріңіз келсе алдағы болатын Қалдыбек ағай мен Алтын апаймен мектепте тағы өткізілетін кездесуімізге келіп қатысыңыздар – деген іс-шараны жүргізушілердің сөзінен соң бәрімізде де сол кездесуге қатыссақ деген қызығушылық туды. Келесі кезекте ортаға шыққан Қалекең мен Алтын іс-шараны ұйымдастырушыларға деген алғысын білдіріп: – Мектепте география сыныбын ашуымызға «Шартарап-Шарайна» газетінің бас редакторы, досымыз Қары Нұрмахан Қауысұлының аудандық өз газетінде жариялаған бір беттік «Өмірі өнегелі азамат» атты мен жайлы жариялаған мақаласы болды. Сол мақаладан кейін отбасымызбен ақылдасып осындай шешімге келдік. Әрине, байқап отырмын. Әледе біраз нәрселер керек екен. Оған да алдағы кезде көмек береміз. Маған арнап осындай сыныпты бөлгендеріңіз үшін баршаңызға рахмет – деді Қалекең толқи сөйлеп. Келесі кезекте Қалекең мектептің жас ұстазы, гоеграфия пәні мұғалімі Толқын Сламованың география пәнінен 7,8,9 сынып оқушылары арасында өткізген Қалдыбек Төлегенов атындағы байқаудың жеңімпаздары Қасқарбек Ерасыл, Сайлаубай Ұлжалғас және Демеген Әсемге мектеп басшысы атынан Алғыс хаттарды табыс етті. Сол сияқты Қалекең «Осы сыныпта оқыған балалар алғыр да өжет болып өсіп, жақсы оқып, биік шыңдарды бағындыратын, елін, жерін құрметтейтін көпке үлгі боларлық азамат болып өсе берсін. Соларды тәрбиелеуде Сізде өз үлесіңізді осы «География сыныбында» қоса беріңіз» деп мектептің география пәні мұғалімі, кабинет меңгерушісі Тоқтабай Гүлара Төлегенқызына «Қалдыбек Төлегенов атындағы география сыныбының» Алтын кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Іс-шара барысында Қалекеңнің иығына шапан жабылып, Алтынның басына ақ шәлі тартылғаннан кейін Қалекеңнің ұлдары Нұрлыбек, Бағдат, Орынбасар мектеп ұжымына алғыстарын білдіріп, ата-анасын құттықтаса, немерелері Аружан мен Айару ата-әжелеріне арнаған тақпақтарын айтып, гүл шоқтарын ұсынды. Көңілді кеш одан әрі акт залдағы мектептің ұйымдастырушы педагогі Тұрғанай Сембаева дайындаған ұстаздар мерекесіне арналған іс-шараға жалғасты. Мектеп директоры Сырым Абилов ардагер ұстаздар мен мектеп ұжымын мұғалімдер мерекесімен құттықтады. Достық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанар Мамыраева мерекемен құттықтап, мектеп директоры Сырым Абиловке ауыл әкімінің арнайы мерекелік сыйлығын, ардагер ұстаздар Қалыбаев Үсен, Исмайлов Ақжол, Төлегенов Қалдыбек және Ниетжан Тұрғанбаевқа ауыл әкімі Ерлан Ақжігітовтің Алғыс хаттарын табыс етті. Мектепте ұзақ жылдар музыкадан сабақ берген, жақында зейнеткерлікке шыққан Ниетжан Тұрғанбаевқа шапан жапқан оқушылары, қазіргі мектептің білікті ұстаздары – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Талғат Ташеев, музыка пәні мұғалімі Нұрғали Сансызбаев, география пәні мұғалімі Айжан Шакиевалар ұстазына музыкалық сәлем ретінде «Ұстазым» әнін орындады. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері де әннен, биден шашу шашты. Мерекелік шара «Сырдария» дәмханасында жалғасын тауып, ол жерде де ақ тілектер айтылып, марапаттар табысталды. Жаңабай Сейдуәлиев