Фото: kolesa.kz
Жуалы аудандық соты көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері бар көлік құралын басқару фактісі бойынша азамат А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (ӘҚБтК 590-бабының 4-бөлігі). Азамат А.-ны, Жуалы ауданының «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолында «Volvo» маркалы жүк көлігін басқару кезінде полиция қызметкерлері тоқтатқан. Автокөлік нөмірін тексеру кезінде нөмірді кішкентай қағазбен жабу фактісі анықталған. Осылайша, мемлекеттік нөмірдің «Е» әрпі «F» әрпіне өзгертілген. Нәтижесінде құқық бұзушыға қатысты хаттама толтырылды.
Азамат А. кінәсін мойындап, нөмірдегі қағазды байқамағанын және оны әйелінің інісі әзілмен жасағанын түсіндірді. ӘҚБтК 590-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуды және 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді. Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Сот қаулысымен А. ӘҚБтК 590-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
