Түркістан қаласындағы Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, аудармашы Нармахан Бегалыұлының 80 жасқа толуына орай “Нар десе, Нар ақын” атты тұлға кеші өтті. Аталмыш шара М. Пошанов атындағы 21- жалпы орта мектебінде ұстаздар мен оқушылар арасында өтті. Шара барысында Н.Бегалыұлының өмірбаяны және шығармашылығы жайында мәліметтер берілді. Ақынның өлеңдерін оқушылар жатқа айтты. Кітап көрмесімен таныстырылды. Ақын, аудармашы, журналист Алаш халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлының биыл 80 жылдық мерейтойы. Ұяң болмысы табиғат сұлулығымен үйлесім тапқан сыршыл ақынның көпті қызықтыратын қасиеті – қаламгердің өнерде де, өмірде де ұстамдылығы…Қазақ әдебиетінде қабырғалы ақындардың қатарындағы Нармахан Бегалиев поэзиясының жөні бөлек. Өйткені, оның өлеңдегі өрісі де, жыр-арғымағының желісі де ақындық арынының алапат күшін әрбір шумақ, әрбір сөз өрімінен аңғартып тұрады. Лирикаға толы керемет жыр жолдары оқырманын бірден тартып алып кетеді. Сонысымен де тартымды, сонысымен де оқылымды. Сыршыл ақынның поэ¬зиясы сол нәрлі, құнарлы қалпынан айнымай жырсүйер қауымды өзіне құнықтыра түседі. Нармахан Бегалыұлы табиғатынан тұнық, терең, тегеурінді ақын. Оның өлеңдегі екпіні самұрық құстың қанатын сермегендегі сусылындай әр жол, әр шумағынан толқын-толқын леп болып есіп өтеді. Тамаша жыр жолдарынан дүлей жауыл тұрғандай сезім тудырады. Тап бір қазір ғана көз алдыңда болып жатқандай суреттейді. Ол нені айтса да, нені жазса да, нені суреттеп, нені өрнектесе де жалғандыққа, жасандылыққа, жылтырақ әуесқойлыққа жоламайды. Оның сөз өрмегінен де, ой өрнегінен де өзіндік нақыш, ешкімге ұқсамайтын ұстаным, еркін тыныс танисыз. Нармахан Бегалиев 1943 жылы 30 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Арыс ауданында туған. Шымкент Педагогика институтының филология факультетін бітірген (1966). 1966–1967 жж. Бөген ауданында жергілікті радиохабарларын ұйымдастырушы, 1967–1974 жж. Бөген аудандық және Арыс қалалық біріккен «Коммунизм таңы» және «Заря коммунизм» газеттерінің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, редакторы болып істеген. Өлеңдері 1961 жылдан жариялана бастады. Шығармалары: Шаттық күйі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974; Жиде жұпар шашқанда. Өлеңдер. А., «Жалын», 1978; Жотадағы жол. Өлеңдер. А., «Жалын», 1981. Алдағы уақытта сыршыл ақынның шығармаларынан арнайы кештер жалғасын табатын болады.