Түркістан облысы, Ордабасы ауданының мәдениет үйінде 2023 жылғы 9 қазан күні Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша семинар-кездесу өткізілді. Аталған іс-шараға Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басшысы Меруерт Медетбекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры А.Тәңірбергенова, Түркістан облыстық білім саласы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Байғұтов, Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы К.Оспанова, Түркістан облыстық «Білім беруді дамыту орталығы» директорының орынбасары Н.Нұрлыбаев қатысты. Кездесуге Ордабасы ауданынан -248, Бәйдібек ауданынан -33, Арыс ауданынан -22, Сайрам ауданынан -72 педагог қатысты. Сонымен қатар, Ордабасы ауданынан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәлімгерлер, сынып жетекшілер, ата-аналар комитетінің төрағаларымен бірге аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық емхана өкілдері де қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек», — деген болатын. Осыған орай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» дер кезінде жасалған тәрбие жұмысының бағдаршамдай жол көрсетер сара жолы болды. Біртұтас тәрбие бағдарламасы оқу-тәрбие процесіне енгізіледі. Бағдарлама аясында «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобаларын іске асырылып жатқаны туралы және де бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жаңа мазмұнда жалғасатыны айтылды. Сонымен қатар, кездесуде бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттерін әрбір педагогтің қалай жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды. Педагогтермен топтық жұмыстар жүргізілді. Құндылықтарға бағытталған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша кездесу-семинары өз дәрежесінде өтті.