Ұстаз деген қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын. Тек, ұлтым деген ұстаздар ғана Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болып қазақ баласының санасына білім мен тәрбиенің нәрін құйса ғана келешегіміз кемел. Расында ұзақ жылғы тәжірибесі бар білімді де білікті ұстаздар намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелей алады. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты Ш.Құдайбердиев атындағы №32 ЖББМ-нің «Орыс тілі мен әдебиеті» кабинетіне 40 жылға жуық ұстаздық қызмет етіп, өмірі ұрпаққа өнеге болған Қарабекова Гүлзинат Кәрімқызының есімі берілді. Кабинеттің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, Гүлзинат Кәрімқызының отбасы, туған-туыстары және ауыл азаматтары қатысты. Кабинеттің ашылу рәсіміне келген қонақтар, мектеп ұжымының ұйымдастыруымен жасалған қолөнер көрмесін және оқушылардың аудан, облыс, республика көлемінде үздік деп танылған жұмыстары туралы жетістіктерін тамашалап, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Осыдан кейін қонақтарға концерттік бағдарламасы ұсынылып, ұлағатты ұстаз Гүлзинат Кәрімқызының өмірбаяны туралы бейнебаян көрсетілді. Ұлағатты жанның өмірі мен еңбек жолындағы үлгі-өнегеге толы естеліктер айтылды. Елеулі еңбектері мен жетістіктеріне жайында деректерге тоқталды. Гүлзинат Кәрімқызы 1967 жылы Прогресс (қазіргі М. Әуезов ЖББМ) мектебін бітіргеннен кейін 1968 жылы Украинаның Житомир қаласындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған елге оралған жас маман өзі оқыған мектебінде 1976 жылы алғашқы еңбек жолын бастайды. 2008 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ол осы Ш.Құдайбердиев мектебінде абыройлы қызмет атқарды. Өзінің жауапкершілігі мен біліктілігінің арқасында әріптестер арасында зор беделге ие болды. 1996 — 2006 жылдар аралығында мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болған кезде де аудан көлемінде жоғары нәтижелер көрсете білді. Гүлзинат Кәрімқызының тәлім-тәрбие берген шәкірттері бүгінгі таңда, республикамыздың түкпір-түкпірінде елеулі қызметтер атқарып, еліміздің өсіп-өркендеу жолында аянбай еңбек етуде. Гүлзинат Кәрімқызы өзі өмірден өтсе де, ұрпақ болашағы жолындағы қажырлы еңбегі естен кетпейді. Бүгінде ол кісінің адами қасиеттерін әріптестері сағынышпен еске алады.