Түркістан облысында бүгінде кәсіпкерлік саласы қарыштап дамып келеді. Оның үстіне осы саланы дамыту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Киелі өңір биыл екінші жыл қатарынан бизнес саласы рейтингісінде алдыңғы орында тұр. Әрі «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын орындау бойынша республика бойынша 1-ші орында тұр. Бұл әрине нәтижелі жетістік. Кәсіпкерлікті ашу, оны жүргізу бар да одан бөлек түсіндірме жұмыстарды жүргізудің де ауқымы бөлек. Түркістан облысының әкімі тапсырмасымен аудан, қала тұрғындары арасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді түсіндіру, таныстыру жұмысы жүріп жатыр. Жуырда Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Иманқұлов бастаған топ Отырар ауданына арнайы барып, кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша семинар-кеңес өткізді. Бұл арнайы семинар-кеңес мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылатын қаржылай қолдауларды кеңінен насихаттау, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылды. Одан бөлек кәсіпкерлердің түйіні тарқатылуы тиіс, келелі мәселелерін талқылау да назардан тыс қалған жоқ. Басқосуға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Е.Оралбай, «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің басшысы С.Курбанов, осы орталықтың Отырар аудандық бөлімнің басшысы А.Тулимбетов, «Атамекен» ҰК палатасының аудандық филиал директоры Ұ.Абдрахимов қатысты. Кездесулер барысында 100-ге жуық жергілікті шағын және орта бизнеспен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті тұрғын қамтылды. Бүгінде өз кәсібін ашып, таыс табуға ниеттілер қатары көбейген. Әрі оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да жеткілікті. Дегенмен осы мемлекетті қолдау бағдарламалары туралы хабары жоқтар да бар. Өткізілген басқосуда тұрғындар мен кәсіпкерлер кәсіп ашу үшін жеңілдетілген несиелер беру мәселесіне ерекше тоқталды. Отырар ауданы ауыл шаруашылығына қолайлы аграрлы аймақ екені айтылып, сол мүмкіндік пен артықшылықты толық пайдалану қажеттілігіне баса назар аударылды. Ауылда отырып ақ кәсіп ашып, өзіне де, өзгеге де пайда әкелуге болатындығы айтылды. Әрі бұ ауылдағы жұмыссыздық санын да азайтар еді. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен тұрғындарға тек қана кәсіп ашып оны дамыту емес, тұрғындардың қажеттіліктеріне байланысты «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Отырар аудандық бөлімі арқылы көмек алуға болатыны айтылды. Аталған орталық құжаттарды әзірлеуге көмектеседі. Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы осындай семинарларды Төлеби және Ордабасы аудандарында да жалғастырды. Алдағы уақытта барлық аудан, қалада осындай кең көлемде кәсіпкерлерге берері мол семинарлар өткізілмек. Осындай жиындардың арқасында кәсіп ашуға деген ниеттілердің құлшынысы артып, хабарлары молаяды. Соның арқасында кәсіпкерлік те, ауыл да, ауылдықтардың да тұрмыс жағдайы жақсаратыны анық.