Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла АЗИДУЛЛИН 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық, су ресурстарын дамыту, егістік алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді. Еліміздегі суармалы жерлер 1,6 млн.гектарды құрайды. Барлық су қабылдағыштардың ішінде тұрақты суару шамамен 12,1 км3 құрайды. Арал-Сырдария, Шу-Талас және Балқаш-Алакөл бассейндері жалпы суармалы судың 97 пайызын және бүкіл суармалы алқаптың 78 пайызын қамтиды. Гидрографиялық қағидат бойынша Қазақстан Республикасының аумағында сегіз өзен су шаруашылығы бассейні бар. Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас. Қазақстандағы егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі. Ағымдағы жылы Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Сырдария өзенінің бассейні бойынша өңірдің басқа өзен бассейндері сияқты суы аз кезең үрдісі сақталуда. Өткен вегетация аралық кезеңде Шардараға ағын 2231 млн. м3-ке болжамды мәндерден артық болды. Соның нәтижесінде Шардара су қоймасы мен Көксарай конррегуляторы жобалық мәнге дейін толтырылып, Қызылорда облысының көл жүйелеріне, сондай-ақ жайылымдық, шабындық жерлерге су беру жүзеге асырылған болатын. Бүгінгі күні Шардара су қоймасы мен Көксарай контррегуляторында 6,39 млрд. м3 су жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 млрд.м3 артық көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар, көршілес елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылғы Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан су шаруашылығы және энергетика ведомство басшыларының кездесуі аясында вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл су қоймасынан су ағызуды қамтамасыз ету кестесі бекітілді. Осы кестеге сәйкес «Достық» каналы бойынша 920,07 млн.м3 көлемінде су беру жоспарланған. Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 4 221 млн. м3 көлемінде су жиналады деп болжануда, оның ішінде Арал теңізіне су беру – 996 миллион текше мерді құрайды. Сондай-ақ, қазақстандық тарап жазғы уақытта жоғарғы су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келісу үшін Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан арасында үшжақты келіссөз жүргізуді жоспарлауда. Бұл ретте, Қызылорда облысының әкімдігіне өткен жылғы деңгейден күріш егу алаңын ұлғайтпау ұсынылуда. Түркістан облысының әкімдігіне Мақтаарал және Жетісай аудандарында Достық каналының бойында күріш егуге жол бермеу ұсынылады. Жамбыл облысындағы Шу және Талас өзендері бассейндерінің вегетациялық кезеңге арналған су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Вегетациялық кезеңнің басында Жамбыл облысының су қоймаларына 80-90% су жиналды. Ал, «Қазгидромет» және «Қырғызгидромет» РМК консультативтік болжамы бойынша биылғы жылы да су аз болады деп күтілуде. Өйткені, тауларда қар қорының жинақталуы орташа көпжылдық мәндерден аз көрсеткішке ие. Осы орайда, министрлік тарапынан судың алдын ала болжамына талдау жасай отырып, өткен жылғы вегетациялық кезеңнің тәжірибесіне сәйкес ылғал сүйгіш дақылдарды қысқарту және оларды ылғал сүйгіш емес дақылдармен алмастыру, агромелиорациялық шараларды міндетті түрде өткізе отырып, ауыспалы егісті сақтауға, монокультураларды бір суару көзінің астына орналастыруға тыйым салу ұсынылды. Сонымен қатар, облыста суару желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Суару суын беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылатындықтан судың жоғалуын болдырмау мақсатында фермерлермен су үнемдеу технологияларын барынша пайдалану, суару технологияларын сақтау бойынша жұмыс жүргізу облыс әкімдігіне ұсынылды. Кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен шаруашылықтар арасында суды бөлу жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады. Ішкі су көздерінен айрықша алаңдаушылық күтілмейді. Шу және Талас өзендерінің бассейні бойынша қазіргі уақытта Қазақстан тарапы 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесін әзірлеп, қырғыз тарапына жолдады. Ағымдағы вегетациялық кезеңде Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы өткен жылдың деңгейінде сақталады деп болжануда. Балқаш-Алакөл бассейні бойынша су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Жалпы, алдағы вегетация өткен жылдың деңгейінде өтеді. Вегетациялық кезеңнің басында Жетісу және Алматы облыстарының су қоймалары толық көлемнен 80-97 % жиналды. Министрлік тарапынан Қазақстан өзендерінің бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі су ресурстарын дамыту, су мәселесі, су тапшылығының қаупі туралы кеңінен айтып өткені белгілі. Осы бағытта министрлік тарапынан су тапшылығының алдын алу мақсатында жұмыстар ауқымды жүргізілуде. Бүгінгі күні су саласындағы проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде. Жаңа қабылданатын Су кодексі арқылы су ресурстарын сақтау, оларды пайдалануды оңтайландыру, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ сумен жабдықтаудың жаңа көздерін дамыту мәселелерін шешу қарастырылады.