Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың кезекті халықпен кездеу жиыны Ақтөбе, Шілік ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, жауапты сала басшылары қатысты. Қашанда егін егіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл тұрғындары қазіргі таңда қызу жұмыс үстінде. Алдымен Ақтөбе ауылындағы елді мекенді көгалдандыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2022-2023 жылдары егілген ағаш көшеттерін аралап көрді. Аймақтағы жасыл аймақта 1500-ға жуық көшет отырғызылған. Аралау барысында шаруалармен кездесіп, еңбеккерлердің толғандырған мәселелерін тыңдады. Зейнеткер, «Қанағат» шаруақожалығының төрағасы Күдірбеков Сұлтанхан мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Құлман ағын суды пайдалану барысында кезекшілік ұйымдастырылса деген өтінішін айтты. Бұл мәселе бойынша ауыл округінің әкіміне тапсырма беріп, жұмыстардың жүйелі атқарылуын өз бақылауына алатынын ескертті. Мұнан соң ауыл округіндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымы «Қатира ана» балабақшасының құрылыс жұмыстары мен жаңадан салынатын ауылдық мәдениет үйінің жобасымен танысып, ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Ауыл халқының басым бөлігі жұмысқа орналасу, суармалы жер, көшелерді асфальттау секілді бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелер бойынша елді мекендегі А.Құнанбаев, Сейілбеков көшелерін орта жөндеу және ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы іске асатынын айтып, алдағы уақытта елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жалғасын табатынын баяндады. Одан әрі Ақтөбе ауылымен көршілес жатқан Шілік ауылында көгалдандыру жұмыстарын аралап көрген аудан әкімі егілген көшеттердің өнімділігі мен оларды күтіп бастаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Шілік ауыл округіндегі саябақтарда 1000-нан аса көшеттер отырғызылса, олардың 70 пайызы тамырын тереңге жайған. Бұл бағыт бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстарға баса мән беру керектігін ескертті. Ауылдағы «Ардагерлер саябағында» тұрғындармен кездескен аудан басшысы Шілікте биылғы жылы іске асатын жұмыстарды атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл округіндегі М.Мәметова мен Ардагерлер көшелерін жарықтандыру, «Астана» және «№3» көшелерін орта жөндеу, аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеуге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Қосы ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі жұмысқа орналасу, ауыз су жүйелерін жаңарту, суармалы жер алу және де өзге де мәселелер бойынша талап-тілегін айтып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды.