Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық республикасына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды келісімшарттарға қол қойды. Атап айтқанда, Үрімші қаласында қазақстандық «Tulpar Textile» ЖШС-і мен қытайлық «Xinjiang Zhongfu Textile Co.Ltd» компаниясы арасында тоқыма жабдықтарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі 22 миллион АҚШ долларын құрайды. Түркістан облысында тоқыма өндірісін дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Облыста мақта шикізатын өндіретін шаруашылықтар көп. Әрі мақта өндірісі ауыл шаруашылығының негізгі драйвері саналады. Түркістан облысы делегациясының Қытай сапарына ҚР-ның Қытайдағы елшілігі, Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Қазақстанның Бас Консулдығы қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Қытай сапары аясында электромобильдерді көтерме сату (тарату) бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім жасалды. Қазақстанның «From My Garden» ЖШС мен қытайлық «FAW Hongqi Automobile Sales Co. Ltd» және «Xinjiang Silu Linghang Automobile Import and Export Co. Ltd» компаниялары бірлесіп, пилоттық жобаны қолға алады. Осылайша «Hongqi Automobile» (Қазақстан) брендімен «Automobile Import and Export Co.Ltd.» компаниясы құрылды. Жарғылық капиталы 10 миллион АҚШ долларын құрайды. ҚХР-дың Чжэцзян провинциясы, Ханжоу қаласында Қазақстанның «MEGA-AGAT» ЖШС және қытайлық «Zhejiang Navas Industry and trade Co.LTD» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 10 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция арқылы радиаторлар, газ қазандықтары, жылы еденге арналған коллекторлар өндірісі жүзеге асырылады. Чжэцзян провинциясы, Иу қаласында өткен келіссөздер негізінде Қазақстанның «From My Garden» ЖШС мен «Yiwu Yilinnuo Sanitary Ware Co.Ltd.» арасында инженерлік сантехника өндірісі бойынша келісім жасалды. «Yiwu Yilingnuo Sanitary Ware Co.Ltd» – сантехника саласындағы жетекші кәсіпорын. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы бойынша нарықты одан әрі кеңейту және сауда-саттықты дамыту жолдары сараланды. Сонымен бірге «From My Garden Co.Ltd» және «Zhejiang Shangrong Cultural and Creative Co., LTD» арасында келісімге қол жеткізілді. Бұл – Иу қаласындағы ойыншықтар индустриясындағы жетекші кәсіпорын. Келісімшарт «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асып, Түркістан өңірінде балаларға арналған ойыншықтар өндірісі қолға алынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация ыдыс-аяқ шығаратын ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіп, қазақстандық компания мен «Yiwu Chuangyi Kitchenware Co.LTD» арасында сауда ынтымақтастығы туралы келісім түзілді. Сонымен қатар Иу қаласындағы «Yiwu Discovery Import & Export Co., LTD» компаниясымен құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығару бойынша келісім жасалды. Жалпы, Түркістан облысы делегациясының жұмыс сапарында қытайлық компаниялармен байланыс нығайтылып, келісімдер жасалды. Өңірде инвестиция көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасады.