Түркістан облысына қарасты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиын барысында ауданның әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар тыңдалып, берілген тапсырмалардың орындалуы қаралды. Атап айтқанда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстардың барысы, жастар саясатының жүзеге асырылуы мен аудан орталығының дамуы жоспары талқыланды. Көтерілген мәселелер жөнінде тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімі баяндама жасады. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келес ауданнан 4 ауылдық округі (Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек) ұсынылып, жалпы 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған шаруашлықтар көп. Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы бұл бағыттағы жұмыстар өте баяу әрі жоба басталған тұста қойылған меже нақты орындалмағанын қатаң сынады. Сондай-ақ инвестиция тарту саласындағы көрсеткіш өте төмен дәрежеде екендігі айтылып, нақты шараларды атқаруға тапсырма жүктелді. — Әкімдердің негізгі жұмысын көрсеткіші ауылға инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашумен өлшенеді. Кейбір әкімдер ұсыныстарын да айтпады. Бұлай межеге жетіп болмайды. Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі осы әкімдердің жұмысын үйлестіріп, оларға меже қойып, орындалуын бақылауда ұстауы керек. Сіздерден нақты ұсыныс пен жобаларды күтемін, — деді аудан басшысы. Аудан әкімінің қатаң сынына ұшырағандардың қатарында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры мен Абай ауылының әкімі болды. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді толық атқармағандығы бойынша сынға ұшыраса, ауылдық округтерінің әкімдері тазалық, көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды толық атқармағаны үшін ескерту алды. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жоспар бекітіліп, бақылауға қойылды. Тапсырмаларды уақытылы орындамаған мекеме басшыларының жауапкершілігі қаралатыны айтылды.