Бүгін Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» және партиялық бақылау комиссиясының бірлескен көшпелі отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен көшпелі отырыста «Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша Арыс қаласы мен Ордабасы, Отырар аудандары әкімдерінің 2022 жылы атқарылған жұмыстардың есептері тыңдалды. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жер аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және анықтау бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Сан жылдар бойы игерілмей босқа жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың жай-күйі жан-жақты сөз болған басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Досжанов баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында өткен жылы атқарылған және биыл атқарылатын жұмыстар жөнінде Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов есепті баяндама жасап, комиссия мүшелерінің сауалдарына тұщымды жауаптарын берді. Жалпы Отырар ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 640 109 га-ны құраса, оның ішінде: суармалы жерлер 43492 га; жайылымдық жерлер 594 890 га; шабындық жерлер 1294 га (Көп жылдық екпелер 433 га) болып отыр. 2022 жылы ауылшаруашылығы жерлеріне жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмаған 79,1 мың га жерге шығарылған қаулылардың күші жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Қазіргі таңда аудан көлемінде жалпы қолда ұсталатын мал басының саны артуына байланысты елді мекендерде 317 189 га ортақ мал жайылым жерлерге қажеттілік туындауда. Қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140,0 мың гектар, 2024 жылы 89,1 мың га, 2025 жылы 90,2 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылымына беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар келелі жиында «Жер аманаты» комиссиясының 06.04.2023 жылы өткен отырысындағы №2 хаттамалық тапсырманың орындалу барысы туралы партияның Арыс қалалық, Ордабасы және Отырар аудандық филиалдарының төрағалары Бақтығали Ділдабеков, Әлиасқар Бердімұрат пен Абай Құрмандар баяндады. Комиссиялардың бірлескен көшпелі отырысында ауданымыздағы Аққұм ауыл округі тұрғындарының жерге қатысты мәселесі де әңгіме арқауына айналып, халықтың талап-тілегі ескеріліп, бұл мәселеге орай салалық басқарма және департамент басшылары қолданыстағы заң шеңберінде тиісті жауаптарын берді. Жиын қорытындысы бойынша арнайы қаулы-қарар қабылданып, тиісті әкімдіктер мен уәкілетті органдарға жолданды.