Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 84-бабының 1, 1-1-тармақтарына сәйкес, жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүліктің тең құны өтелген кезде не сот шешімі бойынша мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін. Айрықша жағдайлар деп мемлекет мұқтаждығын қанағаттандырудың өзге тәсілінің болмауы түсіндіріледі. Осы талаптармен Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан сотқа талап арыз беріліп, онда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару сұралған. Жоғарыда айтылған даулы жер учаскесі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып, азамат Н.К.У-ке тиесілі жалпы көлемі 2,5 гектар жайылымдық жер учаскесі 30.05.2023 жылғы №5165-23-5-21/5386 сот шешімімен мәжбүрлеп иеліктен шығарылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сот шешімі күшіне енген соң, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі, Ақбұлақ елді мекенінде орналасқан жалпы көлемі 2,5 га қайтарылған жайылымдық алқап ауыл тұрғындарының ортақ мал жайылымы болады.