Ынтымақта жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда Бүгін Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекеніне арнайы барып, жеке кәсіпкер Ш.Турсунбаевтың меншігіндегі жылыжайдың және аграрлық тауарларға арналған дүкеннің жұмысымен танысты. Танысу барысында жеке кәсіпкер аудан басшысына жылыжайдағы жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жұмыс барысын көзден кешірген Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. — Ауыл шаруашылық өнімдері-тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, қожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, — деді аудан басшысы. Айта кетсек, жеке кәсіпкер Ш.Турсунбаев бүгінгі таңда өзінің қосалқы шаруашылығындағы 0,10 га жер телімінде жылыжай тұрғызып, бүгінде көкөніс өсірумен айналысуда. Сонымен қатар, аталған мекенжайда аграрлық тауарларға арналған дүкенің де жұмысын жүргізіп, көкөніс өнімдеріне арналған дәрі-дәрмек заттарын саудалауда.