Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында «Ауыл – ел аманаты» пилоттық жобасы іске қосылды. Осыған орай бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев осы жобаға қатысушы азаматтармен кездесіп, алға қойған мақсаттары мен атқарып жатқан жұмыстары бойынша пікір алмасты. Жаңа жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау. Жоба мемлекет басшысының «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Жаңа жобаның тиімділігі — жылдық мөлшерлемесі 2,5% құрайтын жеңілдетілген несие. Орташа несие көлемі 5 млн теңгені құрайды. Ол үшін кәсіпкерлер кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс. Аталған пилоттық жобаға Сарыағаш ауданынан Жарты төбе, Жібек жолы ауылдық округтері қатысуда. Бүгінгі таңға дейін 67 жобаны несиелендіру мақсатында құжат тапсырылған. Осы жобалардың 44-і несие комитетінің оң қорытындысын алған. Оның ішінде Жарты төбе ауылдық округінен 5 азаматтың қаражаты аударылып, жұмыстарын бастап кетті. Бұдан кейін аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.Кездесу барысында аудан басшысы алдымен наурыз айындағы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. – Әкімнің міндеті – халықпен кездесу, ауылдың жағдайын білу. Өзінің құзыреті аясында мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Барлық жұмыстар кезең — кезеңімен, маңыздылығына байланысты жүзеге асады. Алдағы уақытта ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев. Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жаңа мектеп және мәдениет үйін салу, электр энергиясымен қамтамасыз ету, қоқысты тазалау, ағын су, халықтың әлеуметтік жағдайы туралы өтініштері мен пікірлерін айтты. Кездесуден кейін, аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.