Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев 19 қаулыға қол қойды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Қабылданған қаулы аясында құны 32,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 100 гектардан астам жер телімі бөлінді. Атап айтқанда, күн сәулелік электростанса құрылысын салу үшін Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы аумағынан көлемі 71,8 га жер учаскесі бөлінсе, индустриалды аймақтардан құрылыс материалдарын өндіру, дизельді жанармай шығару, түсті металл бұйымдарын шығару және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу цехы үшін көлемі 42 га жер учаскесі пайдалануға берілді. Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын күшейту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, өңірде 11 индустриалды аймақ құрылған. Қазіргі таңда, облыс бойынша индустриялды аймақтарда құны 201,3 млрд теңгенің 166 жобасы іске асырылуда.