«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астана қаласында белбеу күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Оған 180-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын қорғаған ОҚО Созақтық спортшылар алтыннан алқа тақты. Көк байрағымызды көкке желбіреткен палуандарды аудан әкімі қабылдап, құрмет көрсетті. Ел абыройын асқақтатып, ұлт намысын халықаралық деңгейде қорғаған батырлар қандай құрметке болса да лайық. Аталған жарыста теріскейдің тумасы Дәурен Дәмен мен Айдос Құлманбетов Әлем чемпионы атанса, Мақсат Жанділдаев қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыс жеңімпаздарын және жаттықтырушыларын аудан әкімі құттықтап алғыс хат табыс етті. ХV- Әлем чемпионатына созақтық спортшылар жақсы дайындықпен барған. Белдескен палуандардың басым бөлігі халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Жеткен жетістігіміз жаттықтырушыларымыздың арқасы дейді палуандар. ДӘУРЕН ДӘМЕН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ «42 мемлекеттен спортшылар келді. Бірінші белдесуім полшадан келген палуан болды. Оны таза жеңіспен жеңдім. Екінші нигериялық палуан болды. Финалдық белдесуде Қырғыстандық палуан болды. Оны ұпай санымен жеңдім» Теріскейде спортшыларға барлық жағдай жасалған. Аудан бойынша спорттың барлық түрлері тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Аудан әкімі алдағы уақытта өңір спортшылары халықаралық жарыстарда үлкен нәтижеге қол жеткізеді деп сенім білдірді.
НҰРСҰЛТАН Әбдірашит