Биыл облыстық маңызға ие 1 570 шақырым жол күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Осы мақсатта бөлінген 30 млрд. теңгеге жуық қаржыны жергілікті мердігер компаниялар игеруде. Олар құрылыста тек өңірімізден шыққан өнімдерді пайдаланып отыр. Тапсырыс беруші – Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері орайлы сәтте асфальт зауыттарын аралады. Өнім сапасын саралады. Өңірімізде өндірілетін бетон мен асфальт жолға төселмес бұрын алты сатыдан тұратын тексеруден өтеді. Ыстық-суыққа төзімділігі сыналады. 15 тоннадан асатын салмаққа шыдас бере ме? Сол жағы тексеріледі. Бұл тұрғыда сапаға «Береке-А Корпорациясының» зертханасы жіті мән береді. Серіктестік меншігінде жол құрлысына қажетті 300-ден астам техника бар. 3 асфальт-бетон зауыты тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Олардың бірі — сағатына 300 тонна өнім шығаратын, америкалық құралдармен жабдықталған «ASTEC» зауыты. Мекеме 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшы топ «ТүркістанЖолсервис» ЖШС-нің де тіршілігімен танысты. Құрылыс мекемесінің басты қызметі — жол салу. Германиялық құралдармен жабдықталған серіктестіктің елімізде 3 зауыты бар. Отандық компаниялар облысымыздағы жол құрлысын шикізатпен толық қамтамасыз етіп отыр. Бұл рейд облысымыздағы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының апталығына орай ұйымдастырылып отыр. Сапалы өнім — қауіпсіз жол кепілі екені ескерілген.
КЕНЖЕХАН Дүйсенбі