Ұлт жоспары — 100 нақты қадамда көрсетілген қамқорлықтың ерекше саласы – денсаулық сақтау. Бұл тұрғыда халық үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осыны ескерген сарыағаштықтар спорттық сайыс ұйымдастырды. Шараға білім саласының мамандары мен дәрігерлер ат салысты. Бүгінгі жарысқа әр ұжымның ең мықтылары мен шымырлары күш салуда. Сайыс спорттың 4 түрінен өрбіді. Алдымен, қатысушылар жаттығу жасап, денесін қыздырды. Кейін футболда, жүгіруде мүмкіндік саралады. Ұжымдық ойыннан жекелік сында тамаша өнер көрсететіндер қол күресінен, ұзындыққа секіруде үздік шықты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұстаз, дәрігер – қоғамға кез-келген сәтте аса қажет, жауапкершілік жүгі жоғары маман. Күнделікті қарбаласқа қарамастан, халықтың қуатты күші болған олар бұл жарысқа тас түйін дайындалды. «Абай» ауруханасынан бүгінгі шараға 90 дәрігер қатысуда. Олар қарсыласқа қызықты ойын өрнегін көрсетуімен үлгі болды. Бұл топ бұқаралық спортты дамыту идеясын қолдайды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, халықтың 30 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылдануы қажет. Сайысқа қатысушылар осы межені бағыңдыруға ынталы. Олар салауатты өмір салтын сақтай отырып, халықты белсенді өмірге үндейді.
Дидар Өмірзақова