Оңтүстік Қазақстан облысы орталығындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым жұмыстары қарқын алып келеді. Мұнда 19 жоба мақұлданған болса, соның қазір 8-і ісін ілгері бастырып отыр. Солардың қатарында өрнекті кілем тоқитын «Назар текстиль» өндіріс орны да бар. «Назар текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр ең жоғарғы жетістікке қол жеткізді. Елімізде Президент бастамасымен ұйымдастырылатын «Алтын сапа» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орын тұғырынан көрінді. Мақтау-марапат жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Сол себепті, кәсіпорынның биылдыққа жоспары ауқымды. 970 миллион теңге жұмсалған жобаның жетекшілері Елбасы Жолдауын да бірауыздан қолдайды. Думан Якуб — «Назар текстиль» ЖШС-нің басқарма директоры «Келешекте жіп иіру заводы іске қосылатын болса, біздің өнім бағасы 30-20 пайызға төмендейді. Келешекте халықаралық көрмелерге қатыса отырып, қазақтың өнімін биікке көтере отырып, өзіміздің өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз». Бүгінде кәсіпорын жылына 1,5 миллион шаршы метр кілем өнімдерін шығарады. Түрі жүзден асады. Олар сапасы жағынан әлем таныған алпауыт фабрикалардың өнімінен кем түспейді. Бәсекеге қабілетті тоқыма фабрикасы тоқтаусыз жұмыс істейді. Соның арқасында бүгінге дейін 3 миллион шаршы метр кілем тоқыған. 130 адамды жұмыспен қамтыған. Фабрика жаңа жіп иіру цехын іске қосқан жағдайда мұндағы жұмысшылардың саны 230-ға жетеді… Бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігі жойылады. Алға, Қазақстан!
СЕНБЕК Құттыбайұлы