Шағын және орта бизнестің тиімді тұсы бар. Ол заманның ыңғайына тез бейімделіп, сұранысқа сай өнімдерді өндіруге ықпал етеді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында «ағаш полимер композиті» деп аталатын материал шығаратын серіктестік туралы осыны айтуға болады. Ашылғанына 4 жыл болған кәсіпорын әсемдік пен оңтайлылықты қатар алып жүр.«Ағаш полимер композиті» Еуропа елдерінде кеңінен қолданыста. Ағаш жаңқасы мен пластик ұнтақтарынан жасалатын өнім бүгінде сыртқы дизайнда кеңінен пайдаланылады. Бұл материал табиғат өзгерістеріне шыдамды. Аязды сынбайды, суда пішінін өзгертпейді, күнге күйремейді. Жыл сайын ақтап, немесе бояп тұрудың қажеті жоқ. Ширек ғасыр бойы өңін де жоғалтпайды. Сондықтан да қажеттілікті өтеп тұр. Талғат Байжан – «Bai & R Group» ЖШС-нің қаржы директоры «Бұл материалға біздің зауыт 5 жылдық гарантия береді. Эксплуатация жағынан 25 жылдық гарантия береді. Бұл материалды сыртқы қолданысқа қолданылады және одан басқа бізде бау-бақша жиһаздары бар және забор жиһаздары бар». Бұл жобаның құны — 30 миллион теңге. Оның 20 миллионын Оңтүстік аймақтық инвестициялық орталығынан несиеге алған. Жұмысшылары орташа есеппен 75 мың теңге жалақы алады. Шикізат толығымен өз елімізден табылады. Сондықтан бұл материал таза Қазақстандық өнім болып табылады. Бұл цехтың өнімдеріне қазір еліміздің барлық облысынан тапсырыстар келіп түсуде. Болашақта ТМД нарығына шығу жоспарда бар.
НҰРМАХАН Кенжехан