Жасырары жоқ бүгінде еліміздегі құрылыс саласына пайдаланылатын материалдардың басым бөлігі шетелден тасымалданатыны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын түрлі құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында керамика шығаратын кәсіпорын зауыт іске қосылды. Әзірге бұл еліміздегі жалғыз өндіріс орны болып тұр. Бұған дейін елімізде мұндай өндіріс орны болмаған. Индустрияландыру картасы аясында жұмысын бастаған бұл зауыт жылына 2,5 млн. шаршы метр керамогранит өндірмек. Ашылуына облыс әкімінің орынбасары С. Тұяқбаев пен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Бекбосынов қатысты. MK Ceramics брендімен шығарылатын өнімдер Қазақстан Республикасынан бөлек шет елдердің нарығын қамтамасыз ететін болады. Итальяндық «Barbieri & Torozzi» жабдықтары орнатылған кәсіпорында сапасы жоғары саз, таза кварц құмы, дала шпаты және табиғи пигменттер қолданылады. Зауытта өнімнің ассортименті өте кең, мәселен жылтыр (глянцевый) және күңгірт (матовый) керамограниттің 30х30 см, 40х40 см, 60х60 см, 60х90 см көлемді түрлері өндірледі. Шығарылатын өнімнің жоғары сапасы шетелдік аналогтардан кем түспейді. Қазақстан жыл сайын шетелден 40-50 миллион АҚШ долларына керамогранит сатып алса, зауыт осы қажеттілікті қамтамасыз ететін болады.
Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
‒ Бұл жобаға облыс әкімдігі мен «Бәйтерек» холдинг бірлесе инвестор тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде, жобаға инвестор ретінде фармацевтика, құрылыс және логистика бизнесінде ауқымды тәжірибесі бар оңтүстікқазақстандық «Зерде» ҒӨБ» ЖШС компаниясы тартылды. Кәсіпорынды сауықтыру жұмыстары өткен жылы аяқталған. 2014 жылдың қазанында «Азия Керамик» ЖШС қарыздарын өтеу есебінен өндірістік кешеннің активтері «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ меншігіне қабылданып, бүгінде іске қосылып отыр.
Өңірде кәсіпорын ашылса ең алдымен жұмыссыздықты жоюға тамшыдай болса да өз үлесін қосатын болды деп қуанатынымыз рас. Аталмыш зауытта бүгінде жүзден астам адам еңбек етсе, олардың 35-і жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа қабылданған. Ал, осы айдың соңына дейін зауытта қосымша 70 адам жұмыспен қамтылмақ.