Ақжолтай жаңалық!.. Германияда бокстан өткен Әлем чемпионатының алтын жүлдегері Қайрат Ералиев пен қола жүлдегері Ержан Жомарт елге оралды. Жеңімпаз жерлестерімізді бүгін түстік жұрты ыстық ықылас, жоғары құрметпен қарсы алды. Мырзағали Айтжанов шәкірттері ерекше екпін берген жөн, отандық бокс тарихында ерледі. Өйткені, Қайрат Ералиев түстік облыстан екінші болып, Әлем чемпионы атанып отыр. 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Қайрат Ералиев финалдық кездесуде америкалық боксшы Дюк Раганмен жұдырықтасқан болатын. Қазақ жігіті бұл жолы да турнир бойы көрерменді сүйсінткен әдемі бокс өрнегін паш етті. Қарсыласынан басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Қайрат халықаралық ірі жарыстарда алғаш рет жеңіс тұғырынан көрініп отыр. 2013 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатында, кейінгі Азия ойындары мен Азия чемпионатында қола алған еді. Сондай-ақ, тағы бір жерлесіміз Ержан Жомарт жартылай финалдық бәсекеде 2015 жылғы әлем чемпионы кубалық Хоанис Архилагоспен жұдырықтасып, ұпай саны бойынша есе жіберді. Ержан Жомарт құрама қоржынына әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдені салды. Бұл — жерлесіміз үшін үлкен нәтиже. Өйткені, ол биылғы Азия чемпионатында үздік алтылыққа енбей, әлем біріншілігіне берілетін жолдамадан қағылған болатын. Алайда, сарықұрлық біріншілігінде алтыншы орын алған индонезиялық боксшы Корнелиус Квангу Лангу лицензиясынан бас тартып, АИБА бұл жолдаманы жетінші орында тұрған Жомарт Ержанға берген еді. Қуанышты бөліссең, көбейеді. Спорт саңлақтарын ағайын-туыс, бауырлары құшақ жая қарсы алды. Мақтаныш сезімі басым. Алтыннан алқа таққан Қайраттың туған әпкесі бауырының бағы жанатынын сезген. Сенген.
НҰРСҰЛТАН Әбдірашит