ОҚО Түркістанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы сәтті іске асуда. Оған кәсіпкерлердің де қосқан үлесі қомақты. Бүгін көне шаһарда осы бағдарламамен салынған алғашқы мектеп-балабақшада күміс қоңырау соғылды. Салтанатты шараға қала әкімі Әліпбес Өсербаев қатысып, жас өрендерге табысты оқу жылын тіледі.
«Нұр болашақ». Оқушы қуанышын еселеген білім ұясы осы атауды иеленген. Қала әкімі салтанатты шарада Түркістан мектептеріне биыл 55 мыңнан астам бала барғанын айтты. 6 785 өрен мектеп табалдырығын тарыдай болып, тұңғыш аттады. Бар игілікті іс апатты мектептер мен үш ауысымда оқу жүйесін жоюға бағытталған.
Тәуелсіздік жылдары… Бұл алтын уақыттың Түркістанға сыйлаған жетістігі мол. 30-ға жуық мектеп пен дәл осындай балабақша ғимараттары осы мерзім аралығында пайдалануға берілді. Биыл соның жалғасы ретінде тағы да заман талабына сай, 1 білім ордасы есігін айқара ашты. Бұдан өзге жаңа оқу жылында әрқайсысы 120 орындық 2 балабақша өз жұмысын бастайды. Нәтижесінде мемлекет есебінен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балалардың балабақшамен қамтылуы 86,3 пайызға
жетті.
Рухани шаһарда жыл сайын қала бюджетінің 60 пайызы осы білім саласына бағытталады. 2017 бұл көрсеткіш 64 пайызды құрап отыр. Мұндай ірі көлемдегі қаржының қайтарымы тәрбиелі, саналы ұрпақ өсіру ісімен тығыз байланысты. Сол үшін уақыт өткен сайын ұстаз қауымына көрсетілген қолдау мен талап та күшейе түспек.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы