«Тұзданған топыраққа жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы жүгері дақылының өнімін арттыру». ОҚО Отырар ауданында осындай тақырыпта халықаралық дала семинары болып өтті. Онда Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан республикаларының ауыл шаруашылық өнімімен шұғылданатын компания басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Басқосуда елімізге белгілі ғалымдар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызмеркерлері өзара тәжірибе алмасты. Егістік басындағы жиында негізінен жүгері кластерін дамыту және суармалы жерлердің тұздануы мәселелерін, су тапшылығын шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Өңірдегі экологиялық апаттың алдын-алу мен топырақтың құнарлылығын арттыру, шаруалардың еңбек өнімдерін еселеу мақсатында қолға алынған жобалар баяндалды. Семинар барысында бірқатар жаңа жобалар таныстырылды. Білікті ғалымдар еліміздегі топырақ деградациясы және олардың құнарлағын жоғарылатудың қазіргі заманауи әдістерін ұсынды.Бұл күні аудандағы «Ақтөбе-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы үлгі ретінде көпшілікке көрсетілді. Кәсіпкерлер 105 гектар жерге егілген жүгерінің жаңа сортымен танысты. Кооператив басшысы Елғонды Әлмахановтың айтуынша, шаруашалық алдыңғы жылдары жүгеріден 50-60 центнерден өнім алып келген. Биыл институт ғалымдарымен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде гектарына 130-140 центнерден жүгеру ору көзделіп отыр. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы отырарлықтар жыл сайын жүгері дақылының көлемін ұлғайтып қана қоймай, оны терең өңдеуді мықтап қолға алғанын баса айтты. Қазір ауданда жерасты суының деңгейін төмендету мақсатында коллектр, дренаж жүйелерін қалпына келтіру және су тапшылығын жою жұмыстары қарқын алған.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы