Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Кезекті семинар Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолғы шара өңірдегі сүт кластерін дамытуға арналып отыр. Жиынға облысымыздың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, қаржы ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, шаруалар мен кооператив мүшелері қатысты. Шараның мақсаты — ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы мәселелер мен кедергілерді анықтап, шаруаларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсету.
Семинар шымылдығын түрген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кіліттерін салтанатты түрде табыс етті.
Айта кетейік, құны 5 млн теңге тұратын сүт бекеттерінің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде шаруалардың табасын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болмақ.
Сондай-ақ өңірде мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруге республика бойынша 27 млрд. теңге бөлінсе, соның 3,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысына бағытталып отыр. Кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалуда.
Бүгінгі күні мүшелер саны 20- дан жоғары кооперативтерде 33 сүт қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда сүт қабылдау бекеттеріне ауыл шаруашылығы арқылы 439 млн теңге инвестициялық субсидия берілген. Оның ішінде 18 сүт қабылдау бекетіне 50,8 млн субсидия төленіп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі