Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданының кәсіпкері Арыстан Омаров төрт түлік басын көбейтіп, табысын еселеп отыр. Бүгінде шаруаның 300 ешкі, 400 қойы мен 200 сиыры бар. Алғыр азамат еңбек еткісі келген ауыл жастарын жұмыспен қамтып, берекелі іске бейімдеуде. Төрткүл ауылының тұрғыны кәсібін осыдан 10 жыл бұрын бастаған. Ол кезде Арыстан Омаровтың небәрі 15 ешкі мен 10 қойы болатын. Сүті шипалы, жылына 2 рет төл беретін ешкі басын бүгінде 20 есе көбейткен. Енді ол ауруға бой бермейтін мал шаруашылығын дамытуға, тұқым түрлерін жақсартуға ден қоймақ. Ордабасы аудандық жастар орталығының директоры Мұрат Сайлыбаевтың айтуынша, Арыстанның қолға алған ісі талай ауыл жастарына үлгі-өнеге. Сондықтан көшбасшы азаматтар 50-ден астам жастың басын қосып, мал баптауды түсіндірді. Баққанға құт, сауғанға сүт болатын ешкінің пайдасын айтты. Қой мен ешкі кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді. Азығы да, киімі де болды. Қазір де мал бағып, әл-ауқатты жақсартуға болатынын бек азаматтар дәлелдеп отыр.
САТТАР Есімбеков