Оңтүстік Қазақстан обылысы Сарыағаш ауданы Жемісті елдімекенінде бүгінде жаңғақ шаруашлығы қарқынды дамытылуда. «Оңтүстік Қазақстан облысы грек жаңғағын және миндаль өсіру үшін қолайлы орын болып табылады. 2020 жылға дейін жаңғақ жеміс дақылдарын дамыту бағдарламасына сәйкес, облыста жаңғақ жеміс бауларының санын арттыру, жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Сол кезде өңірімізде жаңғақты экспорттау мүмкіндігі пайда болады» , — деді семинарды ашқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков.
Облыста жаңғақты дақылдар негізінен тұрғындардың жеке шаруашылықтарында 300 гектар алқапта өсіріледі. Шетел нарығында жаңғақтың 1 келісі 10 долларға пара-пар. Яғни жемістің бұл түрін экспорттау ел диқандары үшін мол табыс алып келеді. Ағымдағы жылы өңірде жаңғақ дақылын 400 гектарға отырғызу межеленіп отыр. Жаңғақ баулары негізінен Қазығұрт, Төлеби, Сарығаш және Түлкібас аудандарында егіледі.
«Сарығаш жер сыйы» шаруа қожалығында жаңғақ көшеттерінің түрлерімен өте көп, оны баптаудың айла-тәсілдерін де мұндағылар жақсы меңгерген.
Еліміздегі жаңғақтың 85% Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Соған байланысты Қазақстан грек жаңғағын өндірістік өсіруге және экспортқа шығаруға бағыт алды, алдағы 2-3 жылда елімізде жаңғақ бауларының көлемін 5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Көршілес мемлекеттер арасында жаңғақ шаруашылығы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда жақсы дамыған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда жаңғақ шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Тек оның тиімділігін шаруаларға кеңінен насихаттау қажет.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі