Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара ауданында туризм саласын дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауынан 60 нысан іске қосылып, оған 6,7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарлануда.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша бүгінде Шардарада 36 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылып, онда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мұнан бөлек, Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ екені белгілі, бұл бағытта өткен жылы жұмыс істеп тұрған 3 балық зауыты жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Ал оның 80 пайыздан астамы шет елдерге экспортталған. Сонымен қатар, биыл жылдық қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын тағы бір балық өңдеу зауыты іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен балық өнімдерінің көлемін 30%-ға арттыру жоспарлануда.
«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы Астана және Әл-Фараби көшелерінен 40 пәтерлі көпқабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Бұл жоба бойынша бүгіні таңда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал биылғы жылы үш ауылдық округте, яғни, Сүткент, Ақшеңгелді, Егізқұм ауылдарында жергілікті бюджеттен бөлінген 64 млн. теңгеге бір пәтерлі 9 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жалпы Шардара ауданында бүгінгі таңда 996 отбасы тұрғын үй кезегінде тіркелген.