Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында ет және сүт қабылдау бекеттері ашылды. Атап айтқанда, «АгроНұрИнвест» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мал бордақылау мен сою бекеттерін іске қосып, жұмысты жаңа бағытта іске асыруға кірісті. Аталған пункт 40 мыңнан аса халқы бар Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан. Субсидияландыру бойынша мемлекеттен қолдау алған бұл жобаның құны тоғыз миллион теңгені құрайды. Биылғы жылдың 22 ақпанында құрылған қооперативте бүгінде жүз отыз мүше бар. Қазіргі таңда бордақылаудағы мал басы 6130 басқа жеткен. Әрбір жеке шаруаның орта есеппен бір айлық табысы жүз жетпіс мың теңгеге пара—пар. Осылайша ауылдарда кәсіпкерлікті кең қанат жайдырып, жұмыссыздықты жойып отырған жайы бар. Алдағы уақытта да ауыл халқы бұдан өзге де табыс көздерін тауып, кәсіпкерлік саласының жаңа қырларын ашпақ. Бұдан бөлек, дәл осы ауылдан «Қарабұлақ сүт» ауыл шаруашылығы кооперативі жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын 4 сүт қабылдау бекетін іске қосып отыр. Кооператив бүгінде сиыр басын 800-ге жеткізіпті. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» қаржы алған кооперативтегі әрбір жанұяның орташа бір айлық табысы 178,5 мың теңгені құрайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі