Кәсіпкерлікті көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды Сайрам ауданының шаруалары тиімді пайдаланып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша алғашқы рет Қарабұлақ ауылында модульді сүт қабылдау орны ашылды. Қарабұлақ ауыл округінің тұрғындары шетінен — еңбекқор шаруалар мекені. Мұндағы жұрт Зеңгі баба тұқымын қорада ұстап, ақ құрт майын ажыратып, несібе табуға машықтанған. Енді шаруалар сиыр сүтін қалаға тасымай-ақ ауылдағы сүт қабылдау бекетіне өткізе алады. Мемлекеттің қолдауын құптап, оны жүзеге асырған — «Қарабұлақ сүт» АШӨК. Ұжымның еншісінде 800 бас сиыр бар. Кооператив мүшелерінің сұранысын қанағаттандыру үшін тағы осындай үш модульді бекет керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылғы мамырдың 5-іне құрылған өндірістік кооператив бірігудің тиімділігене көз жеткізіп отыр. Биыл бірігіп, мемлекеттік жәрдемге қол жеткізген ұжымның бірі — «АгроНұрИнвест» АШӨК. Ақпан айында тіркелген кооператив мал бордақылау және сою пункті жұмысын шебер үйлестіріп отыр. Мың малдың етін лезде боршалап тастайтын бекеттің құрылысына 30 млн. теңге жұмсалған. Оның 9 млн-ын мемлекет субсидиялаған. 6130 бас бордақысы бар кооперативке 130 адам мүше. Орташа айлық — 170 мың теңге. Сайрамдық шаруалардың жаңа бастамалары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыланып отыр. Ал, мемлекеттік субсидия… кәсібін жаңа бастағандарға тың серпін беруде.Ауданда кооперативтердің құрылуымен жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Ал, бұл өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге септігін тигізіп отыр. Облысымызда қазір 20 шағын шаруашылық иелерінің бірігуі қарқын алған. Саны жағынан одан да жоғарыларға 33 сүт қабылдау бекеті берілді. Оның ішінде 18 модульді бекетке 51 млн. субсидия төленген. Мемлекет шарапаты еңбекқор халықтың шаруасын шалқытып отыр.
КЕНЖЕХАН Дүйсенбі