Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістанда көпқабатты тұрғынүйлерді жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Ескі үйлердің аулаларын абаттандырып, балалар алаңшаларын салу ісі де жүйелі жүзеге асуда. Соның айғағы, Сауран мөлтекауданындағы көпқабатты тұрғынүй ауласында спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Жергілікті халық қуанышына тілшіміз ортақтасты. Сауран мөлтекауданында 20 шақты көпқабатты үй бар. Уақыты келе тозған ғимараттар бүгінде толығымен жаңғыртудан өтті. Сабақты ине сәтімен. Енді міне, балалар алаңшаларымен қатар, спорт нысандары да пайдалануға беріліп отыр.Алаңшалардың құрылысы айналасы 3 айда бітті. Жергілікті тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сапаға аса ден қойғанын айтады. Сол үшін де құрылысқа отандық өнімдер пайдаланылған. Бір аулада балалар алаңшасынан бөлек, волейбол және футбол ойнайтын секторлар да қарастырылған. Жергілікті билік тұрғындардың өтініштерін негізге ала отырып, дәл осындай нысандарды басқа да тұрғынүй аулаларында құруды жоспарлап отыр.Түркістан — тек рухани жағынан ғана емес, әлеуметтік тұрғыда да жаңғыру үстінде. Оның негізі – орталық көшелердің жөндеуден өтіп, жарықтандыру ісінің қарқын алуында. Мемлекет көрсеткен көмекке жергілікті тұрғындардың алғысы шексіз.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы