Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданында қайырымдылықты ту еткен кәсіпкерлер баршылық. Осылайша көптің тілеуін алып жүргендердің бірі таяуда тағы да қайырымдылықтың озық үлгісін көрсетті. Аудандағы «Бәйдібек несие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ж.Әбілдабекұлы басқаратын ұжым №1 мектеп интернатының және Қ.Спатаев атындағы жалпы орта мектебінің озат оқушыларына “Қалыш ана және Әбілдабек ата” атындағы стипендия тағайындап, жыл сайын тапсырып отыратындығы көпке белгілі. Сонымен бірге ардагерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға, олардың балаларына да әрдайым көмек қолдарын созуды тұрақты іске асырып келеді.
Өткен Құрбан айт мерекесі күні аталған ұжым басшысы Ж.Әбілдабек тұрмысы төмен он отбасының балаларына ақшалай және оқу құралдарынан заттай сыйлық жасады.
Бұл іс шараға аудандық мәслихат хатшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Қалаубай мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дүйсенбеков қатысып, мекеме басшысы Ж.Әбілдабекке аудан әкімінің «Алғыс хатын» тапсырып, көпшілікті Құрбан айт мерекелерімен құттықтады.
«АЛҒАБАС» — ақпарат.