Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық Мәдениет басқармасының Көрме орталығында қазақ халқының мерей тұтар асыл мұрасы, бүгінгі ұрпаққа жеткен ән қазынасын насихаттау және ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ауданаралық «Дәстүрлі және Ғұрыптық ән» байқауы өтті.
Байқауға Оңтүстік Қазақстан облысының түкпір түкпірінен 9 аудан командасы қатысып, салт-дәстүрлерімізді сахна төрінде көрсетіп, насихаттады. Қазақ халқының ертеден келе жатқан салт дәстүрлерінің болашақ ұрпақ ұмытпай жадында сақтауы үшін осындай байқауларды жиі ұйымдастыру қажет ақ. Аталмыш байқаудың берері көп. Көптеген жастардың бүгінде ұлттық кодынан ажырап бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан да берері көп мұндай байқауларды жиірек қымдастырғаннан ұтпасақ ұтылмаймыз. Облыстық «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» ұйымдастыруындағы бұл іс-шарада біз қазақ халқының ежелгі салттарының бірі — баланы «Ашамайға мінгізу» салты арқылы ауылдың кішігірім тойын көрсеттік. Әжелеріміздің шырқаған «Тойбастары» байқаудың көркіне көрік қосса, Шаян ауылдық әжелер алқасының төрайымы Әтір Әлиева және Мейрамкүл Ормаханова апаларымыз іс-шараны барынша жақсы өткізуге атсалысып, нәтижесінде бас жүлде (100 мың теңге) біздің ауданымызға бұйырды. Өнерпаз әрі салт-дәстүрді жақсы білетін жерлестерімізге алғысымызды білдіреміз.
Ғалия МАСАУРОВА,
аудандық мәдениет үйінің қызметкері