Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен армрестлингтен әлем чемпионатында ОҚО шардаралық спортшылар Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, қоржынға 5 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль салып қайтты. Ауылға үлкен абыроймен оралған спортшыларды аудан әкімі Болатбек Қыстауов қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
-Сендердің әрбір жеңістеріңе мұнда отырып біздер айрықша қуанып отырдық. Қайсарлық пен ерекше намыс-жігердің арқасында Қазақстанды әлемге танытып келдіңдер. Жеңістеріңе құтты болсын айтамын, — деді Болатбек Дүйсенбекұлы. Аудан басшысы Болатбек Қыстауов әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынып, әлемнің үш дүркін чемпионы болған, сонымен қатар ауданда тұңғыш мәрте «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері» атағына берілетін міндеттемені орындап келіп отырған Нұрдәулет Айдарханға құтты болсын айта отырып, аудан әкімінің «Алғыс хатын» және ақшалай сыйлық тапсырды. Дәл осындай сый-сияпаттар әлем чемпиондары Ердәулет Сарыбай, Нұрхан Қадыр, Дәурен Әбсаттар, Талғатбек Рүстембек, әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Құралай Абдулла мен Ләззат Мәлікайдар, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Нұрдәулет Қадыр, Мағжан Шәмиев және Медет Оразбеков есімді спортшыларға да табыс етілді. Өз кезегінде аудан басшысына алғысын жеткізген аудандық Атлетизмнен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Төреқұлов қол күресшілер атынан Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына жалпыкомандалық есепте ІІ орынды жеңіп алғаны үшін берілген Кубокты аудан басшысына сыйға тартты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.