Облыс, республика, одан да тысқары жерлерге көкөнісін, жеміс-жидегін тасымалдап, жұртшылықтың дастархан мәзірін байытып жүрген ОҚО сайрамдық диқандар бұрынғы қалыптасқан дәстүрлерінен қиыс кеткен жоқ. Соңғы жылдары ауданда жылыжайларды көптеп салу жан-жақты, ілкімді ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына орай биыл ауданда «шатыр астындағы шаруашылықтың» ауқымы 19,3 гектарға жетті.
— Биылғы жылдың басынан бері жылыжайлардың көлемін 6 гектар 185 сотық жерге ұлғайттық. Жалпы, аудан бойынша 21,099 гектар жылыжайда көкөністің түр-түрі өсіріледі, соның ішінде 3, 708 гектарға қызанақ, 12 гектарға қиярды баптап жатырмыз. Ал, қалған танаптарға көкөністің өзге түрлерін өсіріп, сұранысты өтеуге ұмтылып отырмыз, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Шухрат Құрбаналиев.
Сайрамдықтар қазірге дейін 3250 тонна қызанақ, 12000 тонна қияр, 1750 тонна басқа да көкөніс түрлерін жинап үлгеріпті. Енді біраз уақыттан кейін көкөністі жинаудың жаппай екінші онкүндігі басталмақшы екен.
— Бүгінге дейін 10000 тоннаға жуық жеміс-жидекті ысырапсыз жиып алдық, соның ішінде алма, қара өрік, шие, құлпынай секілді жеңсік жемістер Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан өзге Өзбекстанға да жөнелтіліп жатыр. Биыл 109200 тонна көкөніс жинау жоспарда бар, қазірге дейін оның 70 пайыздан астамы орындалды. Аудандағы Қарабұлақ ауылының диқандары ерлеп тұр, басқасын айтпағанда олар бір Ресейдің өзіне бүгінге дейін жеткілікті мөлшерде көкөністің түр-түрін тасымалдап үлгерді. Биыл бақша дақылдарынан 1400 тонна өнім алу қажет болса бүгінге дейін бұл жоспарды асыра өтедік,-дейді әңгімесін сабақтаған, Ш.Құрбаналиев.
Расында да, жиын-терім науқанында аудандағы Арыс, Көлкент, Қарасу ауылдық округтерінің диқандары маңдай термен өсірілген өнімді дер кезінде жинап алуға бар күш-жігерлерін жұмылдырған.
А.ЕРКЕБАЙ.