
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданының әкімі Б.Мамаев Қарасу ауылына ат басын тіреді. Ондағы халықпен, ауыл ақсақалдарымен, төбе билермен кездесіп ұсыныс -пікірлерін тыңдады. Қарасу ауылының әкімі Е. Бекбердиев биылғы жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Сайрам ауданы облыс бойынша кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыған аудандардың бірі. Бүгінде мұнда кәсіпкерлігін өрге өрлетіп, аудан бюджетінің бүйірін қомақтыландыруға үлес қосып отырған кәсіпкерлер көп. Аталған ауылдың басым көпшілігі ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен, сауда-саттықпен және жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінгі таңда ауыл округіндегі 195 ЖШС, 17 өндірістік кооператив, 641 шаруа қожалығы ауыл округінің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлестерін қосып келеді. Осында тұратын 19 азамат мал бордақылаумен айналысса, 5 ірі қара мал фермасы, сүтті қайта өңдейтін шаруасын өрге бастырып отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша халықтың жағдайы біршама жақсарған. Биылғы жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша мұнда мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар жоқтың қасы, 18 жасқа дейінгі 224 отбасыға жәрдемақы төленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 52 отбасыға азайған. Білім беру саласы бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр.
Салтанат Сәулебай