Спорт саласы Қазақстанда кең қолдауға ие. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту — мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айтқан болатын.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің спортшылары Халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында үздік нәтижелерді көрсетіп, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Мемлекетіміздің өзі беделді халықаралық жарыстарды өткізетін орынға айналуда. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының әлемдік мойындалуын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні болып белгіленген болатын.
Осы мақсатта Спорт күні мерекесіне орай, ОҚО Рыс қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорт кешенінде қаламыздағы спорт мекемелерінен құралған командалар арасында спорттық сайыстар өтті. Спорт күніне арналған іс-шараны ашқан қала әкімі М.Қадырбек қаламыздағы спортшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, биік тұғырдан көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Спорттық сайыс кіші футбол, арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күрес түрлерінен өткізілді. Спорттық ойындардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.