Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы №7 мектеп лицейінде еліміздің байрағын байрақты бәсекеде желбіретіп жүрген спортшыларды, сондай-ақ жылдың үздік спорт саласының қызметкерлері мен спортшыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан дүбірлі додаларда тек қана оңтүстіктің ғана атын шығармай еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыз баршылық. Олар қандай марапатыңызға да лайық. Шара барысында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында каратэден Жапонияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Алматы қаласында өткен Орталық Азия біріншілігінің жеңімпазы, Шымкент қаласының №11 шығыс жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы, спорт шебері Әсел Қанай да бар.
– Еңбегімізді елеп-ескеріп, спорт күнімен құттықтап жатқан басшыларға және №11 мектеп жаттықтырушыларына рахмет. Алда қазан айында Испанияда өтетін Әлем чемпионатында да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, – дейді Ә.Қанай.
Сапарғали Қанат