«Жаңа-Талап» спорттық-туристік агенттігінің ұйымдастыруымен Сайрам-су шатқалында тауға жүгіруден (Skyrunning) жарыс өтті. Оған ОҚО альпинизм федерациясы, каноэ мен байдарка, желкенді қайық пен академиялық ескек есу спортшылары, велошабандоздар және қала тұрғындары қатысты. Жарыс ережісіне сәйкес атлеттер жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінді. Олар жалпы ұзақтығы 5 шақырым, биіктігі 1300 метрлік «Альтус» тауына жүгіріп шығуы керек. Шыңды бағындару қиындығы жағынан 1Б альпенистік категориясына сәйкес келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спортшылар «Альтус» тауына ең соңғы рет 15 жыл бұрын шыққан екен.
– Басты мақсатымыз белсенді демалысты дамыту. Қала тұрғындарына Оңтүстік өңірінің әсем табиғатын көрсетіп, тауға жүгіру спортын насихаттау. «Жаңа Талап» тур-операторы ішкі туризмді дамытуға барынша атсалысып келеді. Аты айтып тұрғандай әрқашан жаңа дүниелерді енгізуге, ұйымдастыруға ұйытқы болып жүр. Алдағы уақытта да осы жарысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Жаңа Талап» туроператорының директоры Денис Жарменов.
Шара қорытындысы бойынша Мәлік Абду-Әсет «Альтус» тауын 1 сағат 5 минутта бағындырып, абсолютті чемпион атанды. Ол бұл спорт түрімен 1 жылдан бері айналысып келеді. Және өзі қатысқан барлық жарыстарда топ жарып жүр. Айтуынша, бала кезінен тауда ойнап өскендіктен, қыр-ойпаттарда жүгіру қатты қиындық тудырмайды. – Өзім осы тауда ара бағумен айналысамын. Ұйымдастырушылар жарысқа 1-2 апта қалғанда хабар береді. Кішкене дайындалып аламын. Жақында Алматыдағы «Нұрсұлтан шыңын» бағындырып, бірінші орын иелендім. 8 шақырымды 1 сағат 55 минутта басып өттім. Алда тағы да Алматы мен Шымкентте өтетін сайысқа қатысамын, – дейді жарыс жеңімпазы Мәлік Абду-Әсет.
Шара соңында қатысушыларға сертификаттар, жеңімпаздарға бағалы және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сапарғали Қанат