Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара ауданы Көксу ауылдық округiнiң тумасы Айтжан Әшiрхан бесiншi сыныптан берi бокс үйiрмесiне қатысып, қазiргi таңда Алматы қаласындағы “Олимпиада резервтерiн дайындайтын республикалық мамандандырылған мектеп-интернатта” оқып, бiлiм алуда. Айдың басында жерлесiмiз Филиппин мемлекетiнде жасөспiрiмдер арасында өткiзiлген бокстан Азия чемпионатына Қазақстан Республикасының сапында 54 келi салмақта ел намысын қорғады. Ақтық сында Өзбекстан боксшысы Рахматулла Ташполатовты айқын басымдықпен жеңiп, жеңiс тұғырына көтерiлдi.
Шағалалы Шардарамыздың атын өзге елде шығарған жерлес боксшымыз Айтжан Әшiрхан мен оның бапкерi Нұрсұлтан Төлемановты аудан әкiмi Болатбек Қыстауов қабылдап, “Алғыс хатпен” марапаттап, заттай сый-сияпат жасады.
– Бұрын мектебiңнiң мақтанышы болсаң, ендi Шардараның, Қазақстанның мақтанышына айналдың. Осы жолда қолыңның қары қайтпасын. Шардараның атын бүкiл әлемге танытатын боксшы болып, көк туымызды олимпиада ойындарында желбiрете беруiңе тiлектеспiн, – дедi аудан әкiмi.
Бiз де Айтжанның бұл жеңiсi – бүкiл алаш жұртының жеңiсi екендiгiн мақтаныш етiп, газет оқырмандары атынан құттықтап, осы жолда тек жеңiс тiлеймiз.