Қол күрес додасы қызып жатқан Мажар елінен кеше сүйінші хабар жетті. Қыркүйек айында, (18 жасқа дейінгі) жасөспірімдер арасындағы және (19 — 21 жас арасы) жастар арасындағы дүбірлі әлемдік жарысы өз мəресіне жетті, -деп хабарлайды «Шардара Армспорт» клубы.
Осы жарыстарда Қазақстанның басты үміттері, 4 спортшымыз алтыннан алқа тағынып, әлем чемпионы атанды. Еліміздің көк байрағын әлем елдері алдында көкке шарықтатып, әнұранымызды шырқатқан жерлес спортшыларымыздың жеңісі – елдің жеңісі! Ал, 2 спортшымыз күмістен және 1 спортшымыз қоладан алқа тақты. Осылайша тек Оңтүстік Қазақстан облысының ғана емес, Қазақстанның атын шығарған ұландарымыздың жеңісіне бүкіл еліміз қуанулы. Еуропа төрінде атой салған жеңімпаз спортшыларымызды таныстыра кетсек. Жасөспірімдер арасында: 50 кг салмақта Сарыбай Ердәулет І орынды; 55 кг салмақта Қадыр Нұрхан І орынды; 55 кг салмақта Мәлікайдар Ләззат ІI орынды; 60 кг салмақта Абдулла Құралай ІІ орынды иеленді. Жастар арасында: 55 кг салмақта Әбсаттар Дәурен І орынды; 60 кг салмақта Талғатбек Рүстембек 1 орынды; 65 кг салмақта Қадыр Нұрдәулет ІІІ орынды иеленді. Алдымыздағы 4 күнде ересектер арасында ел намысын қорғайтын Оразбеков Медет, Айдархан Нұрдәулет, Ақтаев Талғат, Шәмиев Мағжан, Райханов Шынболат және Сәдуақасов Нұрдәулет сынды спортшыларымыздан тек жеңіс күтеміз.