Бүгін Түлкібас ауданында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі қаламгер, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жаскешу ауылының Мәдениет үйінде жазушының мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибиелік конференцияға облыс әкімі А.Мырзахметов арнайы барды. Сонымен қатар жиынға Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының төрағасы, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Астана, Алматы қалаларынан келген қонақтар мен елімізге танымал ақын-жазушылар қатысты. Қаламгерді мерейтойымен құттықтаған өңір басшысы жазушыға пәтер немесе темір тұлпар алуға жететін қаржылай сыйлықты табыстаса, аудан басшысы атақты жерлесіне сәйгүлік мінгізді.Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған жұрнақ. Желтоқсанға 20 жыл», «Түркі текті Темірханға», «Белесебет пен байлық», «Шырайлы шаһар Шымкенттің 2200 жылдығын рәсімдейтін кез келді» сынды көптеген туындылар авторының 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ, 2008 жылы «Жазушы» баспасынан «Салқын масақ» атты повестері мен әңгімелерінің жинағы шықты, «Үркер» роман-газеті журналында «Оқу залы» деген атпен он сегіз әңгімесі жарияланды.Жазушының бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын аударған.Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1968-1973 жылдары еңбек жолын Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінде қызмет істеді. 2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңіріндегі арнаулы тілшісі болып еңбек етті. Бүгінде облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының атқарушы хатшысы. М.Байғұттың көркем, публицистикалық дүниелері республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады. Бүгінде «Мархабат Байғұт» қоғамдық қоры құрылып, түрлі шаралар ұйымдастырып жас таланттарды қолдап, жұртшылыққа қызмет көрсетуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі